«Кітап — сарқылмайтын рухани байлық» танымдық сағаты
23 сәуір — Ұлттық кітап күні. Үкімет Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір — Ұлттық кітап күні» бекітілді. Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді. Соған орай мектеп-лицейіміздің кітапханасында «Кітап — сарқылмайтын рухани байлық» атты танымдық сағаты өткізілді. Танымдық сағат барысында білім алушыларымыз кітапхана қорымен, кітап оқудың пайдасы туралы тың ақпараттармен танысып, танымдық журналдар оқыды.
«Абай шығармаларындағы замана көрінісі» оқырман конференциясы
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.
Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.»
Абай
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай мектеп-лицейімізде құрылған іс-шаралар жоспары аясында «Абай шығармаларындағы замана көрінісі» атты оқырман конференциясы өткізілді. Оқырман конференциясына 10 А сынып оқушысы Аманбек Жанар «Ұлы Абай — қазақ руханиятының темірқазығы» тақырыбында, 10 Ә сынып оқушысы Қабдығали Гүлшат «Ескендір» поэмасын, 8 А сынып оқушысы Алапгарова Альмира «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін, 8 А сынып оқушысы Алғамжанова Сара «Білімдіден шыққан сөз», Жамбыл Айжан «Ойға түстім, толғандым» өлеңдерін талдап, баяндама жасады. Баяндама жасаған оқушылар Абай мұрасындағы заман көрінісін қазіргі ХХІ ғасырмен салыстырып, мысалдармен дәлелдей отырып, жүктелген үлкен міндетті абыроймен атқарып шықты.
Өз заманындағы қыран құстай асқақ тұлға Абай атамыздың қазақ халқы үшін алатын орны ерекше. Кәрісін де, жасын да өзінің асыл сөздерімен дұрыс жолға бағыттай білген ұлы атамыз, біз үшін әркез білім мен ұшқыр ойдың анық нышаны болары белгілі. Шығармашылығы бәйтерек ағаштай мәуелі, қадір-қасиеті Шолпан жұлдыздай биік ұлы атамыз өмірінің соңына дейін жастардың санасына білім мен тәрбиені, иман мен намысты сіңіріп, қазақ халқының әл-ауқатын жоғарғы деңгейге көтергісі келгенін шығармаларынан анық байқауға болады. Абай мұрасы – біздің бірлігі мығым ел болып, ары қарай дамуымызға өзіндік үлес қосатын алтын кілт. Сондықтан, біздер өз рухани жан дүниемізді Абай сөздерімен сусындатып, ұлы мұраны насихаттап отыруымыз қажет.
Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Көңілім әнді ұғады..» атты қалалық хор ұжымдарының байқауы өтті.
Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Көңілім әнді ұғады..» атты қалалық хор ұжымдарының байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» және «Шабыт» жобалары аясында Абай Құнанбаевтың әндерін өскелең ұрпаққа насихаттау, жалпы білім беретін мектептерде хор шығармашылығын дәріптеу. Қала мектептерінен байқауға 7 мектептің кіші, орта және ересек жас хор топтары бойынша 13 топ қатысты. Нәтижесінде кіші топтан:
С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының «Сәкен бүлдіршіндері» хор тобы – ІІІ орын;
Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің «Балдырған» хор тобы және № 5 жалпы білім беретін мектептің «Жас дарын» хор тобы – ІІ орын;
Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің «Айналайын» хор тобы – І орынмен марапатталды.
Ал орта жас хор тобы бойынша:
Михаил Русаков атындағы мектеп-интернатының «Шабыт» хор тобы, № 9 жалпы білім беретін мектебінің «Жас дәурен» хор тобы және Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің «Ақ желкен» хор тобы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің «Шаттық» хор тобы мен Бауыржан Момышұлы атындағы ЖББ мектебінің «Болашақ» хор тобы ІІ орынды алды.
І жүлделі орынды Шашубай кентіндегі «Мектеп бала-бақша кешені тірек мектебінің «Балдаурен» хор тобы қанжығасына байлады.
Ересек топтар арасында ІІІ орынды — С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының хор ұжымы алса, ІІ орынды-Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің «Өркен» хор тобы иеленді. Ал Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің «Мұрагер» хор тобы жүлделі І орынмен марапатталды. Жеңімпаздарымызды жеңістерімен құттықтаймыз!